Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

"АСЫЛ МҰРА" БАҒЫНДЫРҒАН БИІК

8 февраля 2016 - Касенова Марал

 Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы "Асыл мұра" ғылыми-зерттеу орталығының құрылғанына он бес жыл толды. Осыған орай С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.
- Ғылыми орталық өшкен тарихымызды түгендеп, ұлттық мәдениетіміз бен төл әдебиетімізді қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде орталық тарихқа, мәдениетке және сөз өнеріне қызыққан қауымға мол ақпарат беретін ғылыми және тарихи шаңырақтың біріне айналды. Уақытпен үндесіп, үйлесетін тарихи дүниелерді жасақтау оңай шаруа емес. Ғылыми мекеменің жұмысы кәсіби адалдық пен шеберлікті, сауаттылықты талап етеді. Осындай жауапкершілікті арқалаған жергілікті өлкетанушылар тынбай ізденудің нәтижесінде жетпіске жуық кітап шығарды. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жұртшылыққа есімдері танылмай келген ұлы тұлғалардың өмірлерінің беймәлім қырларын зерттеп, зерделеуде ұжымның атқарған еңбегі орасан, - дей келе Анархан Қалиқызы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орталық жетекшісі Таңат Сүгірбаевқа Алғыс хат пен сыйлық табыс етті.
Содан кейін сөз алған Таңат Сүгірбаев орталықтың құрылу тарихына, әр жылдарда атқарған жұмыстарына, жеткен жетістіктеріне тоқталды. "Қызылжар-Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәрібай Мусырман облысымыздың мәдени, рухани өміріне қалам қуатымен елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері "Қожаберген мен Сабалақтың кездесуі" қойылымынан үзінді ұсынса, дәстүрлі әнші Біржан Есжанов әннен шашу шашты.

Нұргүл Оқашева, "Солтүстік Қазақстан".
Суретті түсірген Амангелді Бекмұратов.

 

 

Комментарии (0)