Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Қызылжардан келген керуен

3 ноября 2016 - Касенова Марал


Елордада Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі өтті.Сонау XVIII ғасырда Қызылжар өңірінде жәрмеңке өтіп, Ташкент пен Бұқарадан, Құлжадан келген сауда керуендері ат шалдырған екен. Ертістің сол жағын бойлап, Қытайды бетке алған сауда жолы «Абылай жолы» аталғаны белгілі. Қызылжар жәрмеңкесі қазір жоқ болса да, өңірдің талай жәрмеңкені қыздыруға жететін қауқары бар. Өткен аптаның соңғы күндері Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға азық-түлік тиеген керуен келіп, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық алаңының алдында ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін өткізді.
Қазан аяқталмай жатып қар жауып, саудаға кедергі келтіргеніне қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы қалыптасқан дәстүрді бұзбауды жөн деп шешіпті. Мағжанның елінен елорда төріне 700 тонна азық-түлік тиеген көлік керуені келіп жетті. «Хан Шатыр»
сауда-ойын-сауық орталығының алдында таң азаннан сауда шатырлары менмұндалап тұрды, кіреберіс қақпасында «Өңір берекесі» деген жазу да алыстан көзге түсті.
Жәрмеңке үшін Қызылжардың жүзден астам шаруашылығы мен кәсіпорны 90 тонна ет, 10 тонна шұжық өнімдерін, 24 тонна сүт пен сүт өнімдерін, 450 тонна көкөніс пен басқа да тауарларын жөнелтіпті. Сөрелерді аралап, бағаны бақылап, сауда барысын көріп жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың көңілі толғаны байқалды.
– Өнімдеріміздің сапасы өте жақсы. Біздің ауылшаруашылық тауарын өндірушілеріміздің өз қолымен, еңбегімен өсірген, әзірлеген өнімдері экологиялық жағынан таза. Барлық жерде кезек күтіп тұрған адамдарды көріп тұрсыздар, яғни өнімдеріміз жақсы өтіп жатыр деген сөз. Біз тек жәрмеңке ғана өткізбейміз, 18 қазаннан бері елордада облысымыздың күндері өтуде. Бейбітшілік пен келісім сарайында концерт береміз. Басқа да мәдени бағдарламалар әзірленген, оған бас-аяғы 300-ден астам әртіс қатысады,– деді Айдарбек Сапаров.
Шынында да, күннің суықтығына қарамастан, жәрмеңкеге келген адамдардың қарасы қалың болды. Бәлкім, апта сайын өтетін жәрмеңке науқанының аяқталуға жақын қалғанын білетін жұрт тоңазытқышын толтырып алуға асыққан болар. Әсіресе, ет сатылып жатқан сөрелердің алдында иін тіресіп, кезек күтіп тұрғандар көп.
– Ет алайық деп келдік. Жылқы еті 1400 теңгеден сатылып жатыр, сиырдың еті арзандау. Өткен аптада картоп, сәбіз, баялды сатып алғанбыз, – дейді кезек күтіп тұрған Бағлан есімді азамат.
Сөрені шолып шығып, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз сынды көкөністердің бағасы өткен жолғыдан көтеріле қоймағанын байқадық. Баялдының келісі 100 теңгеден тұр. Бұл, әрине, басқа базарлардағы бағадан біршама арзандау. Әрі өз жерімізде өсірілген сапалы өнім болғасын да алатындардың аз болмайтыны түсінікті.
Жалпы, Қызылжар өңірінің жері түгін тартсаң майы шығатын құнарлы екені белгілі. Со-дан да төрт түлікке де, астыққа да, көкөніске де кенде емес. Мал шаруашылығына, егін шаруашылығына, көкөніс, майлы дақылдар өсіруге маманданған аудандар бар. Мәселен, М.Жұмабаев атындағы ауданда өндірілетін ет, сүт өнімдері облыс көлемінде ғана емес, көршілес өңірлерге де таралады.
– Біздің аудандағы ірі қараның саны қазір 42 мыңға жетті. Бүгінгі саудаға ауданда өндірілетін басты-басты деген тауарлардың барлығын әкелдік. 40 тонна картоп, 30 бас ірі қара, 7 жылқы, 25 қой, бір жарым тонна тауық еті бар, барлығы 6 «КамАЗ» өнім жеткізілді. Облыстағы аграрлық секторы дамыған, бетке ұстар аудандардың бірі саналамыз. Төрт түлік мал өсірудің жайын шаруаларымыз жақсы меңгерген. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа да халық риза. Астанадағы жәрмеңкеге кәсіп-керлеріміз жыл сайын өнімдерін ықыласпен ұсынады, – дейді аудан әкімі Асқар Бегманов.
Солтүстік Қазақстан облысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына үлкен экономикалық жетістіктермен жеткенін атап өту керек. Аймақ әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі 25 жыл ішінде 13 есеге артып, 837 миллиард теңгеге жетіпті. Өңірлік жалпы өнімді жан басына шаққанда 20 есеге артып,
1 миллион 700 теңгені құраған. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 34 есеге көбейіп, 2015 жылы 155 миллиард теңге болған екен. Өндірістік өнім көлемі 1991 жылы 7 миллион теңге болса, өткен жылы 167 миллиард теңгеге өсіпті.
– Ауыл шаруашылығы кешеніндегі еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 1 миллион 666 мың теңге болды. Агросекторда алдыңғы қатарлы техникалар қолданылады, жаңа тиімді технологиялар енгізілуде. Соның арқасында өнім көлемі ұлғайды, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
25 жылдың ішінде шағын және орта бизнестің үлесі еселеп артқанын атап өту керек. 25 жылда 3 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Құрылыс жұмыстарының көлемі тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда 40 есеге артқан.
– Сөз жоқ, бұл көрсеткіштердің барлығы өңіріміздің Тәуелсіздік жылдарында тұрақты түрде дамып отырғанын білдіреді. Мұның бәрі Президентіміз Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасы, – дейді А.Сапаров.
Шындығында, еліміздің экономикасында Солтүстік Қазақстан облысының алатын орны ерекше. Басқа секторды айтпағанда, тек аграрлық сектордың өзінде Қызылжар өңірінің үлесі аса қомақты. Мәселен, ұзақ жылдардан бері еліміздің астықты алқабы болып келген облыс республика бойынша өндірілетін астықтың үштен бір бөлігін бір өзі беріп келеді. Облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 22,3 пайыздан асып түседі. Халқының үштен бір бөлігінен астамы аграрлық сектордан екі қолға бір күрек тауып отырған жайы бар.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында озық техникадан таршылық көрмей, тиімді технологияларды енгізуден басқаларға үлгі болып келеді. Егіншілер екі жылдан бері облыста шығарылатын «SAMPO» комбайндарының қызығын көруде. Сапасы шетелдік комбайндардан кем түспейтін, бағасы қолжетімді техниканың арқасында шығын азайып, бітік шыққан астықты қамбаға төкпей-шашпай толтырып алып жүр.
Биылдан бастап Петропавлда «Батыр» деген маркамен шығарыла бастаған тракторлар да шаруалар тарапынан сұранысқа ие. «Батырды» өндірісте сынап көрген шаруалар техникалық тиімділігі шетелдік тракторлардан кем түспейтінін айтады. Жылына жүзден астам трактор шығаратын облыс таяу жылдарда шаруалардың сұранысын толығымен өтеуді жоспарлап отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, әкімдік ауылшаруашылық машиналарын жасау кластерін жүзеге асыруға ниетті екен.
Мал шаруашылығының бір тиімді тұсы – халық жылдың төрт мезгілінде құр отырмай, жұмыспен шұғылданады. Өнімі тұрақты, тетігін тапсаң шаш-етектен табысқа кенелуге болады. 2011 жылы Солтүстік Қазақстанға шетелден асыл тұқымды 11 мың сиыр әкелінген. Қазір олардың саны 40 мыңнан асыпты. 14 сүт өнімдерін шығаратын кешен жұмыс істеп тұр. «Зенченко и К», «Тайынша-Астық» сынды кәсіпорындар Канададан асыл тұқымды мал алып, республикада бұрын-соңды болып көрмеген еңбек өнімділігіне қол жеткізді. Яғни, әр сиырдан бір жылда орта есеппен 8 тонна сүт сауыла бастады. Бұл кеңестік кездегі орташа көрсеткіштен екі жарым есеге көп екен. Осындай рекорд жасаған кәсіпорындардың қаптамасында «Зенченко» деген жазуы бар сүт өнімдері қазір Астананың да, басқа қалалардың да дүкен сөрелерінде самсап тұрғанын айта кетейік.
Соңғы жылдары Үкімет экономиканы өркендетудің басты бағыты ретінде аграрлық кешенді айқындағаны мәлім. Солтүстік Қазақстан облысы осы үдеден көрініп отырған бірден-бір өңір деуге толық негіз бар. Аймақтың ауылшаруашылық өнімдері республиканың басқа облыстарын айтпағанда, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған сынды іргелес аймақтарына экспортталып жатқаны осының бір айғағы деуге болады.
Солтүстік Қазақстан облысы «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясындағы аймақтардың Астанадағы күндерін қорытындылап отыр. Биылғы жиын-терім науқанын озық көрсеткішпен аяқтап, астық көлемі бойынша республиканың рекорд жаңартуына сүбелі үлес қосқан облыс елордадағы күндерін жоғары дәрежеде өткізді.

Арнұр Асқар, суреттерді түсірген Ерлан Омаров


//Егемен Қазақстан. - 2016 . - 25 қазан. – 1,3 б.

 

 

Комментарии (0)