Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Бабалар жүрген жолмен

23 сентября 2015 - Садыкова А.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы бірнеше күн бойы Қызылжар өңірін аралап, танымдық кездесулер ұйымдастырды.

Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі ғылыми-талдау және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Нұрбек Шаяхметов бастап келген делегацияның алдымен аялдаған жері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен Қазақстан халқы тілдерінің 17-ші облыстық фестивалі болды. Онда топ мүшелері ұлттық құндылықтар мен қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалап, этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, тіл жанашырларымен кездесті. Мерекеге қатысушыларды ай­мақ басшысы Ерік Сұлтанов құттықтап, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері халық арасындағы бірлік, достық саясатына айрықша назар аударылып келе жатқанын атап өтті.

«Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының мүшесі Ғосман Төлеғұл өз сөзінде акция Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «біртектілік және бірлік» бағыты бо­йынша «Ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер, Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» бойынша сұхбаттар, Елбасы­ның қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі негізінде дәрістер ұйымдастырылатынын жеткізді. Фестивальде мемлекеттік тілді жетік меңгерген Александр Назаренко, Татьяна Никулина, тағы басқалары сөз алып, рухани-адамгершілік құндылықтарды ұлықтауға шақырды.

«Абылай хан резиденциясы» музейі Президенттің қатысуымен 2008 жылы ашылған болатын. Содан бері мұнда келушілер қатары толастаған емес. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңірудегі рөлі өте зор екеніне экспедиция мүшелері көздерін жеткізді. Төрт экспозициялық залда атақты қоғам қайраткерінің өміріне, хандық құрған кезеңіне қатысты құнды жәдігерлер топтастырылған. Экскурсия жетек­шісі Ақмарал Елеусізова мәртебелі қонақтарға облыстық тарихи-аймақтық музейдің 1924 жылы құрылғанын, 13 зал жұмыс істейтінін, 350 мыңға жуық экспонаттар топтастырылғанын, оның ішінде егеменді еліміз жайлы сыр шертетін деректер молынан қамтылғанын айтып берді.

С.Мұқанов әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған «Жер тарихы – ел тарихы» атты дөңгелек үстел мазмұндылығымен ерекшеленді. Нұрбек Уахап­ұлының, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұлдың, Әзербайжан этно­мәдени бірлестігінің президенті, «Тұран-Экспресс» халықаралық газетінің бас редакторы Видади Салаховтың, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті Жәнібек Сәбиттің ғылыми-танымдық әңгімелері әсерлі шықты. СҚМУ тарих факультетінің деканы Зәуре Қартованың «Қазақ хандығының 550 жылдығы: идеологиялық және тарихи бағалаулар» атты баяндамасын жиналғандар ұйып тыңдады. Басқа жүздесулер де тарихи-мәдени мұраларды зерделеу тұрғысында есте қалды.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.


Есқали Ө. Бабалар жүрген жолмен // Егемен Қазақстан. - 2015. - 23 қыркүйек. - 3 б.

Комментарии (0)