Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Дархан Дарын

20 апреля 2017 - Касенова Марал

 Көркемсөздің зергері, драматург, әдебиет пен театр сыншысы, көсемсөзші, аудармашы, журналист Сафуан Шаймерденовтің туғанына 95 жыл толды. Есімі елімізге кеңінен танымал жерлес қоғам қайраткерінің осынау мерейтойына арналған "Дархан дарын" тақырыбындағы әдеби кеш Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Бұл тағылымдық іс-шараны кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімі мен халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды. Оған әдебиетсүйер қауым өкілдері мен мұғалімдер, студенттер, "Қаламгер" клубының мүшелері қатысты.

Жиналған қауым ең алдымен кітапхананың оқырмандар залында Сафуан Шаймерденовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Онда жерлесіміздің әр жылдары жарық көрген көркем туындылары мен қаламгер хақында жазған белгілі замандастарының пікірлері қойылған екен.
Әдеби кеште Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Петропавл қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сафуан Шаймерденовтің өмірі мен қызметі, шығармашылығы хақында жерлесі, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев әсерлі әңгіме өрбітсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов ағасының азаматтық, адамгершілік қасиеттері, қайраткерлігі, туыстық қарым-қатынасы жайында кеңінен ой толғады, айтулы тұлғаға арнаған өлеңін тебіреніспен оқып берді.

"Сафуанның қай шығармасын алсақ та таза, тұнық парасат бар, күн шуағы секілді жылы, нәзік лиризм, толқын төгіліп тұрады. Бұл оның сыршыл суреткер екенін аңғартады", -деп Сафекеңнің шығармашылығына академик-жазушы Зейнолла Қабдолов кезінде өзінің жоғары бағасын берген болатын. Осы пікір төңірегінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Тіл және әдебиет институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Құлыбекова мен Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нұргүл Исимбаева ой өрбітіп, жазушының туындыларындағы адам және қоғам мәселесі, шынайылық жайын тілге тиек етті. Облыстық филармонияның әншісі, Петропавл өнер колледжінің оқытушысы Біржан Есжанов жазушының бірқатар әңгімелеріне тоқталып, Үкілі Ыбырайдың екі өлеңін нақышына келтіріп орындады.

Жазушының інісі, Астана қаласындағы "Литер-Медиа" баспа үйінің дирекгоры Сайын Шаймерден Сафекеңнің өмірінің кейбір тағылым аларлық сәттері жайындағы естеліктерімен бөлісіп, оның туған күніне орай әдеби кешті ұйымдастырған жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Зарап Құсайынов,
Суреттерді түсірген Амангелді Бекмұратов.


Құсайынов З. Бекмұратов. А ДарханДарын //Солтүстік Қазақстан. – 2017 . – 18 cәуір. – 8 Б.

Комментарии (0)