Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Ел бірлігі - ұлы құндылық

22 сентября 2015 - Садыкова А.

Алматы қаласында ұлттың зиялы қауым өкілдері "Парыз" атты клуб құрғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған-ды.

Клубтың мүшелері есімдері елімізге белгілі саясаткерлер, мәдениет пен өнер қайраткерлері, әйгілі әдебиетшілер, тарихшылар және ғалымдар.

Ұйымның басты мақсаты - Қазақстан Республикасында мемлекеттік деңгейдегі идеологияны қалыптастыру, ел тұрғындарының арасында рухани келісімді нығайта отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Мәңгілік Ел" идеясын жүзеге асыруға қол жеткізу.

Саясаттанушы, клуб жетекшісінің орынбасары Дос Көшім мен философ, көсемсөзші Әбдірәшит Бәкірұлы 17 қыркүйекте Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қаламыздың зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осы ұйым жұмысының барысын тілге тиек етті.

Ә. Бәкірұлы идеологиялық жұмыстардағы бірегейлік, этностардың ұйысуы, экономикамызды реформаландыруды тежейтін кедергілерді жою жайында сөз қозғап, "Мәңгілік Ел" отаншылдыққа, оны құрметтеуге жеткізетін жол екендігіне назар аударды.

Д. Көшім де осы мазмұндағы өз ойларын жиналғандардың жүректеріне жеткізді.

"Қызылжар-Ақпарат" ЖШС-нің директоры Кәрібай Мұсырман өңірімізде ұлттық мектептердің қатарын көбейту мемлекеттік тілдің болашағын нығайтудың негізі екенін, бұл орайда өңіріміз бен облыс орталығында ұлттық мектептердің, балабақшалардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын, орыстілді тұрғындардың қазақ балабақшаларына балаларын беретінін алға тартты.

СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай, зейнеткер, ауған соғысының ардагері Құсман Бегалинов, облыстық "Солтүстік Қазақстан" газетінің бөлім меңгерушісі Зейнолла Әкімжанов, ұстаз Аманжол Зағыпар, ардагерлердің облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова өз ойларын ортаға салды.
Бірлік ұлы құндылығымыз екені басқосудың басты арқауы болды.

(Өз тілшіміз).


// Солтүстік Қазақстан. – 2015 . – 22 қыркүйек . – 2 бет .

Комментарии (0)