Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Көшедегі кітапхана -көпшілік игілігі

27 июня 2015 - Садыкова А.

"Бүгінгі жастар кітап оқи бермейді" деген пікірдің белең алып тұрғаны жасырын емес. Ақпарат ғасырындағылардың көп жағдайда кітапқа емес, ғаламтор жаңалығына, әлеуметтік желілердегі хабарларға құлағы түрік жүретіні де анық. Оны өңір өрендерінен де байқап жүрміз.

Осыған орай С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың мамандары кіреберіс алдына шағын дала кітапханасын орнатып, игі бастаманы қолға алды. Есік алдында орналасқан сөрелерде қаз-қатар тізілген кітаптар көздің жауыналады.

Аталмыш кітапхананың қазақ бөлімінің қызметкері Гүлзада Маралдың айтуынша, ашық аспан астында әрі таза ауамен тыныстап, басылым беттерін ақтаратындардың, қызықты кітаптарының кейіпкерлерімен қауышатын оқырмандардың көбі - жастар. Әсіресе, емтиханға дайындалып жүрген студенттерге өте қолайлы. Ноутбуктерімен де, сусындарымен де келіп, алаңсыз жұмыс істей алады. Даладағы кітапханаға көбіне көшедегі жүргіншілер жүгінетін көрінеді.
Мұнда балалар әдебиеті туындылары мол болғандықтан, кішкентайларын ерткен аналар да жиі төбе көрсетеді екен.

Баспадан жаңа шығып, көзі қарақты оқырманның көкейіне әлі жетіп үлгермеген жаңалыққа толы қазақ тіліндегі облыстық "Солтүстік Қазақстан", республикалық "Егемен Қазақстан", "Айқын", "Сақшы", "Сарбаз" газеттері мен "Парасат", "Қазақстан мектебі" сынды және басқа жиырмаға жуық қазақ, орыс тілдерінде жарық көретін журналдар бар. Жұмыс уақыты да қолайлы. Түскі үзіліссіз жұмыс істейтін кітапхананы қаладағы кез келген адам таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін пайдалана алады.

Нүргул ОҚАШЕВА


Оқашева Н. Көшедегі кітапхана – көпшілік игілігі // Солтустік Қазақстан. – 2015. – 27 маусым. – 8 бет

Комментарии (0)