Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Кітапхана түні қызықты

24 марта 2017 - Касенова Марал

Бұрнағы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада қызықты да тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Ұжым Наурызға және Халықаралық "ЭКСПО - 2017" көрмесіне арналған "Наурыз достардың басын қосады" атты кітапхана түнін өткізіп, өз оқырмандарына қуаныш, тамаша көңіл-күй сыйлады.

 "Кітапхана түнінің" мақсаты қала жұртшылығын кітапқұмарлыққа баулу, оқуды дәріптеу, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, кітапхана мен жұртшылық арасындағы байланысты нығайту болып табылады.

Оқырмандар түн ауғанша кітапхананың мұрағат қоймаларын емін-еркін аралап, мекеме қызметкерлері дайындаған түрлі тосын сыйларға куә болды. Кешкі сағат жетіде әдетте кітапхана жұмысы аяқталады. Алайда, бұл жолы келушілер қатары көп болды.

Шараның ашылу рәсіміне қазақ және орыс драма театрларының, облыстық филармониянын, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының, қаланың музыкалық және жастар ұйымдарының әртістері мен би ұжымдары қатысты. Кітапханада 15 түрлі шығармашылық және ойын алаңдары жұмыс істеді. Келушілердің әрқайсысы өз жанына жақын бағыттарды таңдады. Мәселен, өнерсүйер қауым "Мәдени мұра" орталығына аттанса, ал кішкентайлар қызыл кілемге жайғасып, ұлттық ойындардың қызығына берілді. Сондай-ақ, үлкендер "Естен кетпес сол жылдар" ретро алаңына жиналып, өз заманының әндерін қосыла шырқады. Ал жастар жағы болса, "Сиқырлы наурыз" бөлмесіне барып, сәуегейге бал аштыруға асық болды. "Әлем әдебиеті" залы да адамға лық толды. Кішкентай оқырмандар үшін робототехника  мен интеллектуалды викторина  ұйымдастырылды.

Кейін жастар арасында ағылшын тілінде Наурыз мерекесі мен "ЭКСПО - 2017" халықаралық көрмесі жайлы пікірі талас өткізілді. Шараға қатысушылар "Бруклин" би мектебінің шеберлік сабағына қатысып, сабын көпіршіктері шоуың спортшылардың, мимдер мен клоундардың , өнерлерін тамашалады.

Қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінде "Достар тойы" әдеби-шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Бөлім ортасында киіз үй керегесі құрылды. Оның ішіне үй жиһаздары қойылып, кілем, көрпешелер төселіп, керегеге домбыра, қамшы, қасқыр, түлкі терілері, торсық, қоржын ілініп, қасына күбі және т.б. қойылды.

Кереге ішіндегі екі қазақ үстеліне ұлттық тағамдар, тәттілер қойылды. Оның басында сыйлы ата-әжелер отырды.Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары асық пен тоғызқұмалақ ойнады.

Кеш Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының белді актрисасы-әншісі, Мәдениет қайраткері Самал Тәшімованың орындауында

"Шақырады көктем" әнімен ашылды. Кеш барысында облыстық филармонияның әншісі Еркебұлан Қарыпов дәстүрлі қазақ әндерін шебер орындап, көрермендерді риза етті.

Өз өнерлерімен көрермендерді ерекше таңғалдырған Рамазановтар отбасы болды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры, Мәдениет қайраткері Спартак Рамазанов облыстық баяншылар байқауының жеңімпазы Жомарт Қалиевтің сүйемелдеуімен, өзі домбырамен халық және дәстүрлі, эстрада әндерін орындады.

Петропавл қаласының өнер колледжі жанындағы музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы

Жан Өмірзақ қобызда Абай өлеңдерінен попури шырқаса, Расұл Өмірзақ домбырамен бірнеше күйді ерекше шеберлікпен орындады. Сонымен қатар халықаралық байқаудың Гран-при жүлдегері  Қайрат Досқаев "Ауылым" әнін әуелетсе, ұлттық вокалды-фольклорлық "Балқадиша" ансамблі Ақан серінің "Балқадиша" әнін және басқа әндерден шашу шашты. Сондай-ақ, ақындар Зейнолла Әкімжанов пен Марал Оспанова

Наурызға арналған өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар ұлттық тағамдардан қымыз, наурызкөжеден дәм татты.

Кітапхана түнінде "Үздік оқырман - 2016" республикалық байқауының жеңімпазы Анатолий Наргеленас марапатталды.

Түні бойы музыкалық композициялар, мимдер мен үлкен қуыршақтардың әзілдері мен реприздері мерекелік ахуал тудырды. Кез келген адам көше суретшілерін, шарж жасаушылар мен аква гримерларға барып, естелік суретке түсті. Іс-шара түн ортасына дейін жалғасты. Тағылымды шара келшілердің танымдарын кеңейтті.

Айгүл Хамзина, "Солтүстік Қазақстан".

Суреттерді түсірген

Талғат Тәнібаев.
 

Комментарии (0)