Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Кітаптан асқан сыйлық жоқ

14 июня 2016 - Касенова Марал

Еліміздің өміріндегі елеулі оқиғалардың мән-маңызына ой жүгірткенде, үнемі адамның сана-сезіміне үлкен әсер ететін рухани ұмтылыстардың алатын орны ерекше екенін пайымдайсың. Мысалы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұйытқы болып, "Кітапханаға кітап сыйла!" акциясын қолға алғаннан кейін мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар осынау рухани шараға үн қосып, оқырмандар ордаларын азаматтарга қажетті әдебиеттермен толықтыруға кірісті.

 Осындай игілікті  іске жерлесіміз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов та лезде үн қосып, кітапханаларға әде-биеттерді тарту етумен айналысты. Атап айтқанда, ол 2015 жылғы 20 желтоқсанда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорын 700 дана кітаппен байытқаны жадымызда.Абай Бөлекбайулының ғылымға, соның ішінде әскери ғылымға сіңірген улкен еңбегін айтпай кете алмайсың.

Ол - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Федерациясы әскери ғылымдар академиясының толық мушесі, бірінші және екінші дәрежелі "Даңқ", үшінші дәрежелі "КСРО Қарулы Күштері қатарында Отанға қызмет еткені ушін" ордендерінің иегері. Жерлесіміз Қызылжарға жиі келіп, жұртшылықпен кездесулерде өзі құрастырып 2012 және 2014 жылдары шығарған "Есімдері ел есінде", "Дауылпаз баба Қожаберген" кітаптарымен таныстырған еді. Өткен сенбі, 11 маусым күні  А. Тасболатов облыс орталығының оқырмандарымен С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада тағы бір мәрте жүздесті.

 Басқосуды ашқан облыстық "Солтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы өңірлік филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов 2015 жылы Астана қаласында бастау алған рухани дәстүрдің маңызына тоқталып, оған үн қосқан  А. Тасболатовтың игілікті ісін атап айтты. 

  А. Тасболатовтың сыйы - әлеуметтік-саяси, әскери-тарихи әдебиеттер, монографиялар мен ғылыми еңбектер, өлкетану, көркем шығармалар, спорт және саламатты өмір салты сияқты алты бөлімнен тұрады.

Тұсаукесерде А. Тасболатовтың ізгі ісіне облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, А. Тасболатовтың жерлесі, еңбекардагері Ескендір Нұрымов, Ұлттық ұланның Петропавл Әскери институтының доценті  Ақмарал Жәмитова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Айсұлу Қасым, тарихшы-өлкетанушы Серік Дуйсенов, заң ғылымдарының кандидаты, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті Гүлбақша Мұсабаева, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері  Анатолий Наргеленас осындай ізгі қадамның қоғама  үшін баға жеткісіз игілігін атап  айтып, А. Тасболатовқа ризашылықтарын білдірді.

Жылы шырайлы жүздесу үстінде әркім кітаптың зор рухани куш-қуатын танып, оның ең сабырлы ұстаз екеніне көз жеткізді.

   Зейнолла Әкімжанов, "Солтүстік Қазақстан".

Суреттерді түсірген Амангелді Бекмұратов.


Әкімжанов З. Кітаптан асқан сыйлық жоқ // Солтүстік Қазақстан. - 2016. - 14 маусым. - 8 бет


 

Комментарии (0)