Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Мәдени мұра - рухани қазына

22 сентября 2015 - Садыкова А.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған "Ұлы Дала Елі" республикалық тарихи-мәдени экспедициясы басталды. Олар бір ай бойы аймақтарды аралап, сапарларын Таразда түйіндейді. Мақсат - ғылыми-танымдық іс-шаралар арқылы ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.

Өткен аптада өңірімізге келген аталмыш экспедиция мушелері біздегі рухани мұралармен жіті танысты. Өңіріміздегі мұражайларды аралағаннан кейін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

- Солтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары, мәдени жәдігерлері, рухани құндылықтары ғажап екенін білетінбіз. Бүгін соған көзіміз жетіп, көңіл сарайымыз кеңіп отыр. Алдымен Айыртау ауданына барып, Ботай, Айғаным қоныстарын көрдік. Одан кейін көзайымымыз болған келесі мәдени-тарихи орындар - "Қарасай мен Ағынтай" мемориалдық кешені, Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы, - деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптамалық қолдау және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов.

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында мұндай экспедицияның құрылуы тарихымызды зерттеуге тағы бір зор мүмкіндік туғызып отыр. Осыны тілге тиек еткен экспедиция мүшелері облыстық кітапхана ұжымына "Теңдесіз сый" акциясы аясында тарихи кітаптарды сыйлады.

- Біздің, яғни тағдырдың тәлкегімен осы байтақ елге жер аударылғандардың қазақ ұлтына алғысы шексіз болуы тиіс. Себебі, қазақтар өздері қасіретті бастан кешіре отырып, бізге өмірді сүюді, өзгені құрметтеуді, жанашыр болуды, көмектесуді үйретті. Сол кездегі аумалы-төкпелі заманның барлық қайғы-қасіретіне шыдас берген біз біртұтас халық, ел болуға міндеттіміз, - деді "Әзірбайжан мәдени орталықтары одағының" президенті, "Тұран-экспресс" халықаралық газетінің бас редакторы Видади Салахов.

Ал ертеңіне экспедиция мүшелері Мағжан Жұмабаев ауданына барып, Сарытомар ауылындағы ақиық ақынның мұражайында болды. Осы күні құрамына біздің өңірден де бірқатар азаматтар кірген экспедиция Қостанай облысына жол тартты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
"Солтүстік Қазақстан".


Бейсенбаева А. Мәдени мұра - рухани қазына // Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 22 қыркүйек. - 2 бет

Комментарии (0)