Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Оқырмандардың озық ордасы

19 сентября 2015 - Садыкова А.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана өңіріміздегі ең іргелі оқырмандар ордасы екенін өзінің жұртшылыққа оқу-білім, таным бағытындағы істерімен танытуда. Ол 1936 жылы іргесі қаланған кезден бастап, сексен жыл бойы осы бағытта көпшілікке игі қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылдың соңғы айында осынау мерейтойын ғылыми-тәжірибелік конференция өткізумен ұлықтап, еліміздің және Ресейдің іргелес облыстарының кітапхана жұмысы саласындағы білікті де белгілі мамандарының басын қосты.

Сексен жыл олқы мерзім емес. Осы жылдарда оқырмандар шаңырағы бүгінгі қонысы, Қазақстан Конституциясы көшесіндегі екі қабатты, осы заманғы ғимаратты иеленді. Оның бой көтеруіне Сәбит Мұқановтың өзі бастамашы болып, Петропавлдың құрметті азаматы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғандықтан, үлкен ықылас білдіріп, 1973 жылдың мамыр айында осы ғимарат пайдалануға берілген-ді. Алайда, сол жылдың 18 сәуірінде Сәбең дүниеден кенеттен озып кеткендіктен, өзі жасаған игілікті көзімен көре алмады.

Ұлы қаламгердің туғанына 80 жыл толуына орай ескерткіші кітапхананың алдына көшірілді. Әуелгіде ескерткіш С.Мұқанов және Мир көшелерінің қиылысындағы көзге аса түсе қоймайтын мүйісте қойылған-ды.

Соңғы жиырма жылда кітапхананың ішкі құрылымы мүлде жаңарып, соны бөлімдер қатарға қосылды. Осы ретте небір игілікті жұмысты жалғыз адам тындырғанын айтуды ерсі көретініміз барын жасырғым келмейді. Әйтпесе, анығында, осылай болғаны — кітапхана өмірінің ақиқаты. Атап айтқанда, Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдениет институтын тамамдаған Бейбіткүл Әбілмәжінова облыс орталығының кітапхана қызметіне араласты да, арада бірер жыл өткен соң 1996 жылдан бастап, осы оқырмандар ордасының тізгінін қолына алды.
Жасыратын несі бар, жас директор басшылыққа келген уақытта кітапхананың қоры айтарлықтай қомақты емес-ті. Әсіресе, еліміздің егемендігінің алғашқы жылдарында кітапхананың халі мүшкіл еді десем, асыра айтқаным емес. Қазақ тіліндегі әдебиеттер тым аз және ұлттық мерзімді басылымдарды жаздырып алу өте қиындық туыдырғанын көзіммен көріп, қынжылып жүргендердің бірі едім. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, бұған басшының өзі де өте қиналды. Қысқа жіп күрмеуге жетпейтіні анық. Оқырмандардың арасында бұл жоқшылықты сыныққа сылтау іздегендей кергендері де болды.

Бірақ жас басшы өзінің жігерлі екендігін көп ұзамай танытты. Соның арқасында бұл оқырмандар шаңырағы облысымыздағы ғана емес, бүкіл еліміздегі осы саланың үздігіне айналды. Бұған 2000 жылдан былай 18 халықаралық грант иеленуі айғақ. Соның ішінде АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің бірнеше арнайы жүлделері бар. Бұл жүлделердің арқасында кітапхананың әлем әдебиеттері бөлімі ризыққа кенеліп қалғаны рас. Бөлімге тоғыз жылдан бері қолға түспей келген компьютерлер алынды. Жаңа әдебиеттермен толықты. Айта берсе, Бейбіткүл Мағжанқызының ерінбейтін, жалықпайтын іскерлігінің, талапшылдылығының, жаңашылдығының арқасында көп істер тындырылғаны анық. Оны саланың елімізге танымал қызметкері әрі басшысы десем артық айтқандық болмайды. Және елімізге танымалдылығы турасындағы лебізім жалаң сөз емес. Кітапхана директоры Қазақстан Республикасы кітапханалар қауымдастығы президентінің орынбасары болып табылады.

Соның арқасы да шығар, Б. Әбілмәжінованы аталған қауымдастық тәжірибе жинақтау мақсатымен 2006 жылы-АҚШ-қа, 2012 жылы - Лондонға, ал келесі жылы Сингапурге кітапханалар мәселелері талқыланған халықаралық конференцияларға қатысуға жолдады.

Кітапхананың оқырмандармен жұмысын 14 бөлім атқарып, оларға 53 маман қызмет көрсетеді. Әдебиеттер қоры да олқы дей алмайсың: 500 мыңнан аса кітаптар бар. Бұларға мерзімді басылымдарды қосқанда оқырмандардың танымдық, білім алу мүмкіндіктері жеткілікті екенін аңғарасың. Жыл ішінде оның қызметін орта есеппен 30 мың адам пайдалана алады. Он бір жылдан бері электронды кітапхана жұмыс істеп келеді.

Менің жоғарыда аталған 14 бөлімнің ішінен өзім жиі болатын екеуінің жұмысына, сәл де болса, көбірек тоқталғым келеді. Мәселен, Юлия Пискунова басқаратын анықтама-библиография бөлімі осы оқырмандар шаңырағының бір діңгегі іспетті. Еліміздің, өңіріміздің өміріндегі елеулі оқиғалар, көрнекті тұлғалар туралы деректер осы бөлімде алдыңнан табылады. Бөлім қызметкерлері жылма-жыл күнтізбелік анықтамалар шығарады. Соларға қоса әлемнің, Кеңес Одағы кезіндегі көптомдық энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар, ғұмырнамалар том-томдап тізіліп тұрады. Сонымөн бірге, бөлім қызметкерлері ғаламтор арқылы керек деректөрді лезде тауып беруге машықтанған. Осы бөлімнің қызметін ризашылықпен пайдаланамын. Және өзге оқырмандардың да осындай көңіл-күйде болатынын байқаймын.

Ал екіншісі - Майра Әшімова жетекшілік ететін ұлттық әдебиеттер бөлімі. 2000 жылы, Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай ашылған бұл бөлім әуелгі кезімен салыстыруға келмейтіндей өзгерген. Қазіргі заманның талабына сай кітаптар, ұлттық энциклопедиялар көздің жауын алады. Бөлімнің кітап қорында 20 мыңнан аса әдебиеттер жинақталған. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі облыстық, республикалық газеттер мен журналдардың 70-тен аса атауын айтып шығуға болар еді.

Бөлім меңгерушісі өзге де әріптестерімен бірге кітапхана өткізетін танымдық шаралардың барлығын ұйымдастыруға қатысады. Ал мұндай шаралар мұнда үнемі өткізіліп, оқырмандар шаңырағының мәжіліс залы босамайды. Атап айтқанда, Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған «Ұлттың ұлы ақыны» деген басқосуға жиналғандар көп болды. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығына, Қазақстан Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған конференциялар жиналғандарды үлкен де жақсы әсерге бөледі.

Кітапхана көп жылдардан бері Мәскеудің, Омбының, Қорғанның оқырмандар шаңырақтарымен жанды да іскер байланыстар орнатқаны белгілі. Осы кездесулерден соң оның қоры байып, меймандар сыйлаған кітаптармен, жаңа әдебиеттермен толыға түседі.

Өткен жылдың соңы кітапхана тарихында жиі қайталана бермейтін оқиғамен есте қалды. Желтоқсан айы бойы «XXI ғасырдағы Қазақстанның үздік кітапханасы» конкурсына қатысқан мұқановтықтар елімізде осы саланың озығы болып, 1 миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алған еді.

Байқауға қатысқандардың ұзын-ырғасы мыңнан асып жығылады. Қазылар қатаң сүзгіден өткізе келе тайталастың екінші кезеңіне қатысуға ең лайықты деп ұйғарған 20 кітапхананы таңдап алды. Ал ең соңғы іріктеуде мұқановтықтар алдына қара түсірмей, бас жүлдені қанжығаға байлады.

Осы жеңіс туралы кітапхана директоры Б. Әбілмәжінова:

- Біз еліміздің барлық басқа кітапханаларынан озып шықтық. Конкурстың қорытындысы «Президент және ұлттың рухани жаңғыруы» атты халықаралық форумда жария етілді. Сол жеңісімізге берілген 1 миллион теңгені кітапханамызды одан әрі өрлетуге жұмсаймыз», - деп жүрегін лүпілдеткен қуанышын ақтарып салған еді.

Мұнтаздай таза, іші кірсе шыққысыз осы оқырмандар ордасына барған сайын алдымен Сәбеңнің тамаша салынған үлкен суретіне көзім түседі. Суреттің астында ұлы жазушының «Туған жер, еш нәрсе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып, сенен ұштық» деген өлең жолдарына тәуетемін.

Одан кейін 1 миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алғаны туралы ірі жазуды оқымай кете алмаймын.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».


Әкімжанов З. Оқырмандардың озық ордасы // Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 19 қыркүйек. - 6 бет

Комментарии (0)