Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Теріскей елінің тартуы

3 ноября 2016 - Касенова Марал

 Солтүстік Қазақстан облысының елордадағы күндері аясында Астана тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалды.
Осындағы Ұлттық академиялық кітапханада С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Солтүстік Есіл өңірі – өрісі биік өлке» атты безендірілген кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.
Көрмені ашып, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова облыстың тек алтын дән ырыздығына ғана емес, шығармашылық иелеріне, белгілі адамдарға бай өлке екенін, олардың қоғамдық өмірдің түр­лі салаларында табысты еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті. Көрмеде өңір­ден шыққан атақты тұлғалар туралы бай көрнекі баспалық және электрон­ды материалдар топтастырылған.
Бұл – әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев, қа­зақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Са­фуан Шаймерденов, Герольд Бельгер, Сә­кен Жүнісов және көптеген ақындар мен жазушылардың отаны. Көрмеде сондай-ақ, Солтүстік Есіл өңірінің атын шығарған талантты тұлғалар қоғам және саясат қайраткерлеріне, ғалымдар мен ғарышкерлерге, спортшылар мен суретшілерге ерекше орын берілді.
С.Мұқанов атындағы әмбебеп кітапхана жергілікті қоғамдастықтың зия­ткерлік күштерін тарту орталығына айналып, 2014 жылы «Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы» атағына ие болған. Кітапхана түрлі халықаралық қорлардың 19 грантының иегері, өз қызметінде 17 шығармашылық жобаны жүзеге асыруда. Астанада өткен көрмеде осы инновациялық жобалардың ең негізгілері таныстырылды.
Елордадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер назарына солтүстік облыстың Н.Погодин атындағы орыс драма театрының үздік қойылымдарының бірі «Мағжанның соты» ұсынылды. Театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас ұжымның бірнеше мәрте осы пьесамен гастрольдік сапарларға шыққанын, театр сыншыларының жоғары бағасына ие болғанын атап өтті.
Қойылым сюжетi Мағжанның монологы, оның жақын адамдарымен тiлдесуi және қазақ халқының болашағы мен бүгiнгi күннiң көрiнiсi жайындағы ойлары негiзiнде құрылған. Қойылым соңында театр әртiстерiне СҚО әкiмi Ерiк Сұлтановтың атынан ықылас гүлi табысталып, М. Горький атындағы академиялық драма театрының басшылығы өз риза­шы­лы­ғын бiлдiрдi.
Сондай-ақ, С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Елім-ай» тарихи дастанының желісінде «Дауылпаз баба — Қожаберген» спектаклін сахналады.

Кішкентай көрермендер үшін «Жастар» сарайында облыстық қуыршақ театры «Әуеле, домбыра!» спектаклін үш күн бойы қойды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін «Менің досым – бағдаршам» атты қайырымдылық қойылымы көрсетілді. Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен «Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих» көрмесі ұсынылды. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс орталығының атақты тұлғалары туралы «Петропавл қаласы» атты деректі фильм көрсетілді.

Бейбітшілік және келісім сарайында СҚО мұражайлық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Туған жердің тартылысы» көрмесі, сондай-ақ жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясы ұйымдастырылып, осы жерде ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері өтті.

Елордадағы Солтүстік Қазақстан облысының күндері Бейбітшілік және келісім сарайында үздік шығармашылық ұжымдардың «Мағжан елінен елорда төріне» атты гала-концертімен аяқталды.

// Егемен Қазақстан. - 2016 . - 25 қазан. – 1,3 б.

Комментарии (0)