Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Жыры қалды жанының ұшқынындай

7 июня 2016 - Касенова Марал

Белгілі ақын Есләм Зікібаевтың туғанына 80 жыл толуына орай облыстық кітапхана әдеби шара өткізді. "Жүрегіне жыр ұялаған" атты поэзия кешіне ақынның туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері және әдебиет сүйер қауым жиналды.

Есләм Зікібаевтың өмірі мен шығармашылығын қалың қауымға жан-жақты таныстыруды мақсат еткен шарада алғашқы болып сөз сөйлеген М.Қозыбаев атындағы Солтустік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай "Есләм Зікібаев ақын және көсемсөзші" тақырыбында мағыналы да мазмұнды баяндама жасады. Тұлпар жырды жалынан ұстап, бағындырып, ақындық қуатына азаматтығын, туған жерге деген патриоттық сезімін шебер қоса білген Есләм Зікібаевтың сонау балалық шағынан бастап, еңбек жолына, өміріне тоқталып, сөздерін ақынның тамаша өлеңдерімен өрнектеген Зарқын Сыздықұлының әдемі әңгімесін, әсіресе, жастар жағы ден қоя тыңдады.

Табиғат берген дарынының арқасында уақыт тынысын деп сезініп, есті сөздерімен еңсені көтерген ақын жайында туыстары атынан Есләм Зікібаевтың туған қарындасы Сәния Зікібаева сөйлеп, өткен шаққа ойша көз жүгіртіп, бауырына деген сағыныш сезімін жүректен шыққан жылы сөздері мен жеткізді.

Бұл күні "дөңгелек үстел" басына жиналған зиялы қауым өкілдері  Есләм Зікібаевтың ақындық өнері жайында сөз қозғаса, оның жырларымен сусындап келе жатқан жастар жағы өлеңдерін нақышына келтіре оқып, кештің ажарын аша түсті.

Ерке Есілдің бойындағы кішкентай ғана Өрнек ауылында дүниеге келген Есләм Зікібаев Есіл ауданының құрметті азаматы. Оның алғашқы өлеңдері 1957 жылы "Лениншіл жас", облыстық "Ленин туы" (қазіргі "Солтүстік Қазақстан") газеттерінде жарық көрген. Алғашқы жыр жинағы 1975 жылы  "Ақ қайыңдар" деген атпен басылып шыққан. Бұдан кейін "Ақ айдын", "Ақ сағым", "Құс ғұмыр", "Дүние жалған", "Арна" және тағы да басқа жыр-жинақтары оқырман қолына тиді.Кәсіби біліктілігі мен алғырлығы арқасында әдебиет саласында өзіндік із қалдырған ақын рухына арналған кеш соңында қонақтар "Жыры қалды жанының ұшқынындай" атты кітап көрмесін тамашалады.

 Алма Қуандыққызы,

"Солтүстік Қазақстан". Суретті түсірген

 Амангелді Бекмұратов.

 

Комментарии (0)