|
Ауыл кітапханасының ахуалы қалай?
7 октября 2014 - Садыкова А.
Рухани бай, ой-өрісі кең, көзі ашық, көкірегі ояу, эстетикалық талап-талғамы жоғары, елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ өсіру еліміздің алдында тұрған басты міндет десек, бұл орайда, алдымен білім мен ғылымға арқа сүйеріміз даусыз. Осындайда «Кітап - білім бұлағы, білім - өмір шырағы», «Кітап - ғалым, тілсіз мұғалім», «Кітап көзі жұмыққа - арзан, көзі ашыққа - маржан» деген қанатты сөздер тіл ұшына оралары анық. Ғұламалар мен ойшылдардың «Артық ғылым- кітапта, Ерінбе оқып көруге» (Абай), «Кітап маған тақтан да қымбат» (У. Шекспир), «Жақсы кітап - ақылды адамның әңгімесімен бірдей» (Л. Толстой), «Егер мен бай болсам, тек кітап қана сатып алар едім» (М. Горький), «Кітапты оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» (Ғ. Мүсірепов) деген ғажайып білім қазынасы жайлы тереңнен тебірене айтқан ғибратты сөздері бұл пайымымызды қуаттай түссе керек. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде, ақпараттың толассыз тасқынды заманында ғаламтордың жаппай қолданысқа еніп, әсіресе, жастардың күнделікті тұтыну өніміне, өмір сүру салтына айналғаны соншалық, әлімсақтан тәлім-тәрбие мен ілім-білімнің негізі саналатын әдеби құндылықтарға қызығушылықтың күрт кеміп кеткені жасырын емес. Осы орайда адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының алтын қазығы, тасқа басылған ескерткіші іспеттес білім қайнарына үлкеннің де, кішінің де ұмтылысы мен ынта-жігерін оятуда маңызды рөл атқаратын және де өскелең ұрпақ бойына рухани байлықты сіңіруде зор талаптар жүктелетін бірегей буын - кітапханалар мен кітапханашылардың қоғамдағы орны мен маңызына, материалдық-техникалық базаның жаңартылуына, жас мамандармен толығуына қатысты мәселелерді орағытып өту мүмкін емес. Біздің сұхбаттастарымыз өзекті тақырып төңірегінде тәжірибелерін ортаға салып, түйінді жайттар жайлы ойларын бөліседі. ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП Рүстем Елубаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: - Елбасы биылғы Жолдауында жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беріп, мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді Үкіметке тапсырғаны белгілі. Ондағы мақсат қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру, заманауи мәдениет кластерлерін өркендетуге бағытталған кешенді шараларды белгілеу болып табылады. Жыл өткен сайын бұл салаға қаражат мол бөлініп, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің көкжиегі кеңейіп келеді. Өңірде 554 мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Олардың 457-сі - мемлекеттік, 97-сі - жекеменшік иелігінде. Енді негізгі әңгімеге ойысатын болсақ, 710 елді мекеннің 291-де 314 кітапхана бар, олардың 7-еуі - жеке, қалғандары бейімделген ғимараттарда орналасқан. 310 кітапхана мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Биыл 2 ауылдық кітапхана ашу мүмкіндігіне ие болдық. Керісінше, 1 кітапхананы жабуға тура келді: басты себеп – тұрғындардың аздығы. Қазір кітап қорымыз 3 миллион данадан асады. 200 мыңға жуық тұрақты оқырманымыз бар. Жыл өткен сайын кітапханалардың материалдық-техникалық базасы жақсарып келе жатқанын байқауға болады. 307 компьютердің 190-ы Интернетке қосылған. Wі-Ғi арқылы Интернетке шығатын 11 желі орнатылған. Өткен жылы қажетті жабдықтар алуға жергілікті бюджеттен 4 миллион 462 мың теңге бөлінді. Уәлиханов, Жамбыл аудандарында ғимараттар түгелге жуық қалпына келтірілді. Жаңажол ауылдық кітапханасы жайлы орынға көшірілді. Ал, Кенащы елді мекенінде талапқа сай безендірілген клубқа ауыстырылды. Жекелеген агроқұрылым жетекшілері де өз көмектерін аяған емес. Мысалы, «Заградовское», «Вишневское», «Тайынша-Астық» серіктестіктері Мәдениет үйлері мен кітапханаларға жүйелі қарайласады. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 5 кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Аққайың аудандық орталық кітапханасының ғимараты республикалық қаражат есебінен жөнделді. Осылайша мәдениеттің, оның ішінде жергілікті кітапханалардың қызметін үйлестіруді аудандық әкімдіктерге жүктеу нәтижесінде бұрын орын алған оралымсыздықтар жойылып, қаржы мақсатты түрде жұмсалатын болды. Сол сияқты кітапханашылардың жұмысқа орналасу, еңбекақы төлеу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріліп, бір орталықтан басқару жүйесі өміршеңдігін танытып отыр. Бейбіткүл Әбілмәжінова, С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры: - Кітапханалардың ауылдық әкімдіктер қарауында болуы бірқатар қолбайлаулар туғызғаны рас. Материалдық-техникалық базаны жақсартуға қарастырылған қаражат «қалдық принципімен» бөлінгендіктен, іс жақсарудың орнына кері құлдырады. Жас мамандардың келуі сиреді. Жалақының мардымсыздығы кітапханашылар қауымының көңіл күйіне өте-мөте теріс әсер етті. Үкіметтің шешімімен кітапхана жүйесі басқарудың орталықтандырылған әдісіне ауыстырылып, аудандық бюджет қарауына берілуі бірден-бір дұрыс қадам болды. 2013 жылы облыстың әдістемелік орталықтарында 2462 маман кәсіби шеберліктерін жетілдірді. Жыл сайын біздің кітапхананың базасында көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, іс-тәжірибе алмасылып отырады. «Ауыл кітапханашысы» байқауы сала мамандарының кәсіби деңгейін шыңдауға, шығармашылық қабілетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Сегіз жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» өңірлік конкурсының бір аталымы «Үздік ауыл кітапханашысы» деп аталады. Арнайы білімі жоқ кітапханашылар үшін «Профи» ауылдық кітапхананың жазғы мектебі жұмыс істейді. Онда 87 кітапханашы өз білімдерін жетілдірді. Тренингтер, шеберлік сыныптары, тағы басқа оқу түрлері жүйелі ұйымдастырылады. Былтыр Челябі мемлекеттік мәдениет және өнер академиясымен кітапхана қызметкерлерін кәсіби қайта даярлауды ұйымдастыру туралы шарт жасасқан болатынбыз. Бүгінге дейін қайта әзірлеу курстарын 41 кітапханашы тамамдап шықты. Мемлекеттік тапсырыспен түскен кітаптар біз арқылы шұғыл түрде аудандарға таратылады. Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге тапсырыс беру бірінші кезекте ескеріледі. Былтыр 18157,1 мың теңге бөлініп, 35384 дана мерзімді басылым жазып алынды. 2013-2015 жылдарға арналған кітапхана саласын жаңғырту бағдарламасын әзірлеп, іске қосудың арқасында жұртшылықтың білімдік, ақпараттық, мәдени, әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандырудың бірегей техникалық және технологиялық ресурстарын игердік. Тұрсынай Молдахметова, мәдениет мекемелерімен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі: - Мәдени саланың үлкен бір құрамы - кітапханалардың еңсесі «Мәдениетті қолдау» жылы аясында бір көтеріліп қалған болатын. Кітапханалар ауылдық әкімдіктердің иелігінде болғанда барымыздан айрылып қала жаздағанымыз есімізде. Енді, міне, 2-3 жылдың жүзінде орталықтандырылған әдіс әбден орнығып, кітапханалардың мәдени-ағартушылық рөліне ерекше басымдық берілді. Кітапханашылар мен оқырмандар арасындағы мәдени-ағарту, ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру істерінде тың жаңалықтар, үлгілі үрдістер пайда болып, жаңаша бағыт алды. Менің бір байқағаным, ел арасында кітапханаға жұртшылық бара бермейді, кітап оқылмайды деген біржақты көзқарас орныққан тәрізді. Былтыр облыстағы рухани білім ошақтарына келушілердің саны 2 миллионнан асып жығылғаны біраз жайтты аңғартса керек. Құр байбалам сала бергенше, баланы жастайынан кітап оқуға баулу шараларын бірлесіп іздестірген абзал. Жеткіншектің білім нәрімен сусындайтын бірден-бір бастау көзі - отбасы, мектеп және кітапхана. Жастайынан ұлағатты ұяда сергіп ойнауға да, оқып-тоқып ойлауға да, кітапты таңдап, талғап, қажетіне жаратуға да уақыт тапқан бала ертең саналы азамат болып ержетеді. Ал, рухани жағынан толыспаса, ондайлардан еңселі ел азаматын күту қиын. Кітап оқу дағдысын, оған құмарлықты қоршаған орта, ата-ана, мұғалім қалыптастыратынын жете ескермей жүрген сияқтымыз. Жасыратыны жоқ, бізде әдеби, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәдениеті кемшін. Оның бірегей үлгідегі қалыбы болмағандықтан, жүйеліліктен гөрі алақұлалылық басым. Бәзбіреулердің пікірлері көбіне кітапханада сарылып, көз майын тауысқанша көркем әдебиеттен тысқары ақпарат түрлері көп, рухани жан байлығын аудио, видео, ғаламтордан алса да жеткілікті дегенге саяды. Мұндай жадағай түсініктерге ерген жас буын шалыс басып жатса, обалы кімге?
Осындайда Мемлекет басшысының жастарға сөз арнап: «Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің - елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деген толғанысы еріксіз ойға оралады. Телегей-теңіз ілім-білім оқу-тоқумен, ерекше ізденіспен, үлкен ынта-жігермен келетінін ескерсек, оған кітапханалар есігі әр кез ашық. Бүгінде көпшілік, ғылыми, арнаулы кітапханалардың қай-қайсысын алсақ та, кітап қоры мол. Оқырмандарға әдеби, қоғамдық-саяси, кәсіптік жалпы білім беретін ұлы игіліктеріміздің нешеме түрін ұсынуға әлеуетті. КІТАПХАНАШЫ БЕДЕЛІ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ? Бейбіткүл Әбілмәжінова: - Алдымен айтарым, кітапханашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жете көңіл аударатын кез жетті. Оларға мұғалімдер, дәрігерлер сияқты жан-жақты қамқорлықтың жасала бермейтіні өкінішті. Тіпті, түрлі байқауларға қатысу арқылы грант жеңіп алу секілді мүмкіндіктер де ойластырылмаған. Соған қарамастан, барды қанағат тұта отырып, негізгі міндеттерін адал атқарып келе жатқан киелі мамандық иелерінің жанкешті еңбектері орынды бағаланбай жүргені көңілге қаяу түсіреді. Бұл рухани ошақтар атқаратын міндетіне, жұмыс әдісіне, кітап қорына байланысты бірнеше топқа жіктелетін болса, С. Мұқанов атындағы кітапхана ғылыми-әмбебап кітапхана мәртебесіне ие. Халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарлар өткізудің бірегей орталығы саналады. 56 кітапханашының арасында өз мамандықтары бойынша үнемі жаңашылдыққа ұмтылып жүрген хас шеберлер көптеп саналады. Кітап - мәңгі тот баспас білім кенінің сарқылмас көзі десек, бүгінгі кітапханашыға артылатын міндет, қойылар талап үлкен. Түсінік-пайымы, жас ерекшелігі, тіпті, мінез-құлқы әрқилы оқырмандарға лайықты, жоғары сапалы сервистік қызмет көрсету үшін жаңа форматтағы әдіс-тәсілдерді қолдану, әлеуметтік желілер, web-портал, оnlіnе жүйелері мүмкіндіктерін пайдалану, ақпараттық сұранысқа сәйкес электронды ресурстар қорын ұсыну үдесінен көріну айтуға ғана оңай. Кітапхана мен оқырман арасындағы үйлесімді байланыста атқарылатын қызмет түрлері бұлармен ғана шектелмесе керек. Көптен бері айтылса да, шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бірі — кітапханаларға арналған арнайы нормативтік-құқықтық құжаттардың жоқтығы. Соның салдарынан көптеген кедергілерге тап боламыз. Тағы бір мәселе қорларды толықтыруға келіп тіреледі. Қаражат жетімсіздігінен стеллаждарды жаңалау, осызаманғы қондырғылар сатып алу қиынға соғып жүр. Тұрсынай Молдахметова: Кітапхана жұмысында кітапханашылардың үлкен рөл атқаратыны ешқандай күмән тудырмаса керек. Алайда, олардың беделін көтеру әлі күнге дейін назардан тыс қалып келеді. Қоғамдағы орны дұрыс бағалана бермейді. Кәсіби іс-тәжірибелерін кеңінен насихаттау жағы төмен. Оқырманмен қарым-қатынаста кітапханашының қызметі кейбіреулер жадағай ойлайтындай жылы жерде отырып, кітап берумен ғана шектелмейді. Рухани орданың басты тұлғасы - кітапханашы өз қызметінде бүгінгі күннің биік өлшемдерімен үндес болуды алғы мақсат санайтыны даусыз. Солардың қатарында Уәлиханов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Күләш Егімбаеваның есімі бірінші аталады. Оның бұл саладағы жұмыс өтілі 30 жылға жуық. Виктория Аргат - кітапханашылар әулетінен шыққан кәсіпқой мамандарымыздың бірі. Ботагөз Макова қызмет көрсету жұмысымен ғана емес, сонымен қатар мәдени іс-шараларын ұйымдастырудың, электрондық каталог құрастырудың шебері саналады. Галина Нуфер «Үздік ауылдық кітапханашы» конкурстарының бірнеше мәрте жеңімпазы ретінде жоғары беделге ие. Айта берсек, мақтаулы мамандарымыз көп. Жаңа мәдениет ғимараттарын салу немесе күрделі жөндеуден өткізу мәселелері "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" секілді республикалық бағдарламаларға енгізілгенімен, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жергілікті бюджет қаржысы есебінен атқарылады. Оған көп жағдайда жергілікті жердің шамасы жете бермейді. Осыған орай барлық шығын бағдарламада қамтылса деген өтінішімізге тиісті орындар құлақ асса деген тілегіміз бар. Шалғайдағы ауыл кітапханаларының заманауи материалдық-техникалық, ақпараттық қамтамасыз етілу жайы да барынша назар аударуды қажет етеді. Мәселенің бір ұшы кітапханашыларға көрсетілетін әлеуметтік-тұрмыстық деңгейдің төмендігінде жатыр. Жалақының аздығын айтпағанда, түрлі марапаттарға, қолжетімді баспана тізіміне іліге бермейді. Біз Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалып жатқан мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасына үлкен үміт артып отырмыз. Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдени салаларда туындап отырған түйінді мәселелерді шешудің тетіктерін атап көрсетті. Онда мәлім болғандай, театр қызметкерінің орташа жалақысы барлық үстемелерін қосқанда 48-70 мың теңгеден ғана айналады екен. Мұндай төмен әлеуметтік жағдайдың кітапханашыларға да тікелей қатысы бар. Осындай түрлі себептерге байланысты мектеп бітірушілер кітапханашылық мамандыққа бара бермейді. Ауылдық кітапханалардың ғимараттарын жөндеу, материалдық-техникалық базасын жақсарту шараларына серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының белсене атсалысуын қалар едік. Рүстем Елубаев: - Облыс кітапханаларындағы 527 маманның 422-сі ауылдық жерлерде жұмыс істейді. 74 ауылдық кітапханашының жоғары білімі, 187 кітапханашының 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар.
Кітапханаларды пайдаланушылардың санаттарына талдау жасай отырып, былтыр олардың қызметімен 88312 ересек, 42693 жасөспірім және 25136 балалар қамтылғанын есептеп шығардық. Десек те, мәдениет саласына қатысты шешімін таппаған мәселелер баршылық. Олардың ішінде ең соқталысы - еңбекақы жайы. Биыл сәуір айында мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 10 пайызға көбейтілді. Келесі жылы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын ұлғайту көзделгенімен, кітапханашылар бұл санатқа жатпайды. Арагідік шағын елді мекендерге мәдениет ошақтарының не керегі бар деген пікір айтылып қалады. Шынында да, облыста тұрғындары аз ауылдар қатары қалың. Мүмкіндігінше мәдени орындардың сақталуына күш салынып, 42 кітапхана толық емес ставкаға көшірілді. Тілші түйіні: Әрине, кітапханаларға қатысты қадау-қадау мәселелердің мемлекеттің қолдауынсыз шешілмейтіні түсінікті. Алайда, мемлекетке алақан жая бергенше, ішкі мүмкіндіктер мен игерілмеген резервтерді іске қосудың ұтымды жолдары талмай іздестірілуі керек. Бүгінгі жеткен жетістіктерді місе тұту секілді самарқау көзқарасты уақыт көтермейді. Керісінше, жергілікті жерлердің бастамашыл болуын қалайды. Айта берсек, жан-жақты қолдауға мұқтаж ауыл кітапханасын дамытуға қатысты көкейкесті мәселелер көп. Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ Өмір Шалабайұлы. Ауыл кітапханасының ахуалы қалай? // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 30 қыркүйек. – 6 б.
Комментарии (0)
|
- Главная
- О библиотеке
- Ресурсы
- Проекты
- Акции
- Библиотеки области
- Дары библиотеке
- Государственные закупки
Copyright 2012-2014 «Северо-казахстанская областная универсальная научная библиотека им. Сабита Муканова» | ||
Адрес: 150000, г. Петропавловск, ул. Конституции Казахстана, 25 Электронная почта: nklib@mail.ru |