Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Дидроның айтқаны келмеуі үшін кітапхана есігін ашуға асыққаныңыз абзал

 Білімнің қайнар көзі кітап екені баршаға мәлім. Сондыңтан да, кітап адамзаттың баға жетпес құндылыгы деп білеміз. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі, ол адамды терең ойлауга жетелейді.

 Дидроның айтқаны келмеуі үшін кітапхана есігін ашуға асыққаныңыз абзал
Ләззат ЖОЛАУШИНОВА,
С. Мұқанов атындағы кітапхананың бас кітапханашысы
Француз философы және жазушысы Дени Дидро "Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды" деген. Мұны ғалымдардың зерттеулері де дәлелдейді. Олардың зерттеулері бойынша кітап оқитындар қоғам өміріне белсенді қатысады екен. Олар мәдениет мекемелеріне - мұражайларға, картина галереяларына, театрларға, концерт залдарына басқаларға қарағанда жиірек барады, спорттық шараларға да көбірек қатысады. Олардың тағы да бір ерекше құнды қасиеті - рақымшылық танытуда да алдыңғы қатарда көбірек көрінеді, мұқтаж адамдарға қайырымдылық көрсетуі де жійірек екен. Міне, кітаптың құндылығы осында - оның тәрбиелік мәнінде.
Қазіргі уақытта кітаптың, кітап оқудың мәртебесі төмендеуі жұртшылықты алаңдатады. Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да кітап оқуға қызығушылық азая бастағаны байқалады. Кітап оқу бос уақытты өткізу түрі ретінен гөрі іскерлік оқуға қарай ойысты, ақпараттық және білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана оқу жиі кездесетін болды. Оқушылар, студенттер көбінесе оқу залдарына тапсырылған тақырып бойынша реферат, баяндама, шығарма жазуға ғана келеді. Бірінші кезекте мұндай жағдай кітапхана қызметкерлерін ойлантып, мынандай сұрақтар жиі мазалайды: біздің кітап оқуға қызығушылығымыздың төмендеуінің себептері неде және мұның арты неге әкеледі? Кітап оқымайтын адам сауатсыз, ойлау қабілеті төмен, шығармашылық қиялдауы шектелген болып келетіні белгілі. Осы орайда, айта кететін жайт: қазіргі уақытта қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі мәселе - тіл мәселесі ғой. Осы мәселенің де бір шешімі, менің ойымша, жастар болсын, үлкендер болсын - бәрін кітап оқуға, қазақ тілінде көркем шығармаларды оқуға тартуда. Көркем шығармалар біздің тілімізді байытып, қазақ тілінде сөйлеу қабілетін арттыратыны анық.
Осы ретте С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері өз алдына мынадай мәселелерді
шешу мақсатын қойды: халық ал­дында кітап беделін көтеру және олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру. Бұл үшін қандай шаралар қолдануымыз керек? Біріншіден, кітап оқу және оның мәні солтүстікқазақстандықтардың қазіргі өмірінде қандай орын алады, кітапхананың дәстүрлі қызметін пайдаланатын оқырманның және қазіргі жаңа қызмет түрлерін пайдаланушылардың қажеттілігі қандай екен? Осы сұрақтарға жауап алу үшін зерттеулер өткізілді.
Осының нәтижесінде кітап пен кітап оқуды Солтүстік Қазақстан тұрғындары арасында насихаттау бойынша "Ашық кітап" атты 2005-2007 жылдарға арналған мақсаттық бағдарлама дайындалды.
 

Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2005 жылы біздің кітапхана жанынан "Шексіз кітап" өңірлік оқу орталығы ашылды. Орталық қызметінің мақсаты - тұрғындардың барлық топтарын кітап оқуға тарту. Сондықтан, орталық кітапхана пайдаланушыларымен ғана емес, жалпы, қалың жұртшылықпен жұмыс істеуді көздейді. Орталықтың негізгі мақсаттары - пайдаланушылардың кітапханалық-ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, кітапханалық қызмет көрсету түрлерін кеңейту, әлеуметтік, іскерлік және бос уақыт өткізу орталығы ретінде кітапхананың жаңа имиджін қалыптастыру міндеттерін атқару. Орталық жұмысын жүзеге асыруға кітапхананың бірнеше бөлімі қатысады. Оның құрамына "Қоғамдық сұхбат" баспасөз орталығы, оқу залы, "Мәдени мұра" орталығы, абоне­мент, кітап сақтау бөлімі, сирек кездесетін кітаптар мұражайы енеді. Орталық қызметі аясында өткен шаралардың арасында "Уақытпен сұхбаттасу" тақырыбымен өткен Мұқанов оқулары, жергілікті ақындардың жаңа шыққан кітаптарының тұсаукесерлері бар, солардың ішінде Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуде екі тілде шыққан "Мағжан. Таңдамалы шығармалары" 2 өлеңдер жинағы тұсаукесерін атап өтуге болады. Оқырмандардың ерекше ықыласына ие болған шара - "Кітап деген ғажайып әлем" кітап онкүндігі. Бұл күндері "Облыстық кітапхананың асыл қазыналары" атты үлкен кітап көрмесінің тұсаукесері, "Кітап оқудың чем­пионы" акциясының қорытындысы болды. Бүл акция барысында ең көп оқитын солтүстікқазақстандық анықталды. Әсіресе, белсенді оқырмандарды құрметтеу, оларға әртүрлі номинацияларда "алтын формуляр" беру шаралары қызықты өтті.

 

 

 

Оқу форумы және бүкіләлемдік Кітап күні қарсаңында кітапханада өткен "Кітапты ашық жүрегіңмен қолыңа ал" атты оқу мерекесін ерек­ше атап өтуге болады. Бұл күні кітапхана оқырмандары мен барлық келушілер назарына әртүрлі қызықты шаралар ұсынылды.
"Қолтаңбалар сөйлейді: біздің оқырмандарымыздың жеке коллекцияларынан" атты әдеби вер-нисажда облыстың танымал адамдары, өлкетану жүмыстарымен айналысатын С. Пресняков, Қ. Мұқанов, В. Любушин, В. Манзя, М. Виткин және т.б. өз кітап коллекцияларынан өте сирек кездесетін немесе ең әйгілі авторлардың кітаптарын әкеліп, келушілерге олар туралы қызықты әңгіме айтып берді. Олардың арасында: "Жизнь и времена Иисуса Мессии" кітабы, әлемнің ең үздік сөздігі "Иллюстри­рованный словарь античности", Буниннің публицистикасы (басылмаған нұсқасы), Моцарттың "Пол­ное собрание писем", Мутердің "История живописи" (К.Бальмонттың, аудармасы), авторлардың қолтаңбасы қойылған "100 лет в пути" атты Петропавл локомотив депосының 100 жылдығына арналған кітап; петропавлдық профес­сор В.Зайберттің "Энеолит Урало-Иртышского междуречья" еңбегі; Ф.Достоевскийдің Омбы қаласындағы мұражайының директоры В. Вайнерманның "Поручаю себя вашей доброй памяти" атты кітаптары. Біздің жерлесіміз, қазір Омбы   қаласында   тұратын   профессор А.Коненко орындаған тамаша кітап раритеті деуге тұратын шағын (миниатюрлық) кітапшаларды барлығы да аса қызығушылықпен көрді. Оның шағын кітаптар (бір кітабы күріш дәніне сыйып кеткен) шығару жүмыстары "Гиннес рекордтары кітабына" да кірді.
Оқу орталығы 2007 жылы жарияланған "Бір ел - бір кітап" акциясына белсене қатысты. Осы акция туралы пайдаланушыларға мәлімет беру мақсатында кітапхана сайтында "Бір ел - бір кітап" Web-беті құрылды. Бұл бетте Солтүстік Қазақстан ақындары, жазушылары, әдебиет танушылары Абайдың "Нақыл сөздері" туралы пікірлерін ұсынатын жеке айдар бар. Сайт осы жылы М. Әуезовтің "Қилы заман" повесіне арналған бетпен толықтырылады деп отырмыз.
Кітапты, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау, кітап оқуға тарту жұмыстарын бүгін аудандық, селолық кітапханалар да жүргізуде. Бүгінгі күні облыстың әр аудандық кітапханаларында кітап оқу орталықтары жұмыс істейді.
Аудан кітапханаларында өткен ірі акциялардың кейбірін атап өтуге болады. Қызылжар орталық аудандық кітапхана жанындағы "Книгоман" оқу орталығы 2007 жылдың басында "Шексіз әдебиет" акциясын жариялады. Осы акция аясын­да "Оқырман рекордтары" конкур­сы, түрлі шаралар, сауалнамалар өткізілді. Осы акцияның кульминациялық кезеңі болып табылған "Кітап фейерверкі" деп атаған үлкен мерекелі шара аудан орталығы алаңында аудандық және орталық балалар кітапханаларының 40 жылдығын атап өтуіне орайласты өтті. Оқырмандар мен мерекені тамашалауға алаңға келген аудан орталығы тұрғындары назарына түрлі-түсті жалаулармен шарлармен безендірілген және кітапхананың тарихы мен қазіргі қызметі жағдайы жөнінде ақпарат беретін "Тарихымызды есте сақтаймыз", "Біз мақтана аламыз", "Библиографиялық гид", "Книгоман" оқу орталығы", "Шексіз әдебиет" акциясының құрметті қонақтары" атты көрме, стендтер ұсынылды, "Оқырман рекордтары" конкурсының жеңімпаздары бірнеше номинация бойынша марапатталды. Селолықтардың сүйікті демалыс орны бір сәтке көркем кітап карнавалына айналды. Аудан орталығының екі кітапханасы оның тұрғындары мен қонақтарына "Нұр", "Вид", "Суда­рушка" клубтарының гала-қойылымдары мен әдеби шығармалардың кейіпкерлері шеруі көрсетілді.
Акция шараларына белсенді қатысқандарға естелік сыйлықтар мен кітапхананың 40 жылдығына арналып шығарылған күнтізбелер таратылды.
Осындай қызғылықты мерекенің бірі - Шал ақын ауданы орталық кітапханасы өткізген "Күн астындағь кітап" мерекесі. Мереке көшеде, кітапхана алдында өтті. Мереке ең жас оқырмандарға - бірінші сынып оқушыларын оқуға аяқ бастырып, "Книгоград" ертегі қаласының символдық кілтін ұсынудан басталды. Осы күні өткен - үлкендер мен балалар құлшына қатысқан конкурстық ойын бағдарламасы, кітапхананың ең үздік оқырмандарын мақтау және алғыс қағаздарымен марапаттау рәсімі, "Бүгінгі күні қандай кітап қажет?" атты "дөңгелек үстел", жасөспірімдерге арналған "Поэзияның болашағы бар ма?"талас-сағаты әсерлі өтті.
Кітап беделін көтеру, кітап оқуға шақыру мақсатында М. Жұмабаев ауданы орталық кітапханасы көпшілік іс-шаралардың қызықты бір түрін қолданды. "Туған өлкенің әдеби жолдары" атты авто-әдеби саяхат қыркүйек айының шуақты бір күні басталды. Әдемі шарлармен, плакаттармен безендірілген авто-кітапхана аудан ауылдарына қарай бет алды. Оларды ауыл тұрғындары аса үлкен қызығушылықпен қарсы алып, ұсынылған бағдарламалық іс-шараларға белсенді қатысты. Саяхат Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайында үлкен әдеби кешпен аяқталды.
Мұндай авто-керуен өз жалғасын осы күндері "Бір ел - бір кітап" акциясы аясында биылғы жылы барлық қазақстандықтар оқитын М. Әуезовтің "Қилы заман" кітабына арналады деп жоспарлап отыр.
Әуезовтің "Қилы заман" повесі қазақ тарихының күрделі кезеңдерінің бірін суреттейді. Автор сол кезді аса шынайылықпен көрсеткен. Кейіпкерлер шеберлікпен сомдалған, сондықтан, оларды көз алдыңа оңай елестетіп, сол болып жатқан оқиғаларға қатысқандай боласың. Оқырмандарды осы шығарманы оқуға шақыру үшін оның мағынасын терең түсіндіру қажет. Кітапханалар өткізетін барлық іс-шаралар осы мақсатты орындауға көзделу керек. Біздің облыс кітапханалары да осы акция аясында бірнеше қомақты іс-шаралар жоспарлап отыр. Олардың ішінде оқырман конференциялары, "дөңгелек үстелдер", әдеби кештер, кітап көрмелері, оқу орталықтары өткізетін акциялар бар. Облыстық кітапханада 26 қыркүйекте "Жазушы шеберлігі және өмір шындығы" тақырыбында өтетін "дөңгелек үстелге" жиналғандар "Қилы заман" повесі туралы өз ойларын ортаға салады.
 
_________________________________________________________________________________________
Жолаушинова Л.Қ. Дидроның айтқаны келмеуі үшін кітапхана есігін ашуға асыққаныңыз абзал // Солтүстік Қазақстан.- 2008.- 24 қыркүйек.- 6 б.
 
Комментарии (0)