Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Ынтымақ

22 мая 2013 -

 

/Дмитриевский сельский округ/

 Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз,

Ауыл дене, біз қозғатар жанымыз.

Кел еңбекші қол ұстасып бір туға,

Жиналайық, қалмай жасы, кәріміз!

Осы кезде қазақ көркем сөзінің шебері Бейімбет Майлин ауылы туралы «Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз» деген тақырыпта өлең жазып, қоғамдық үлкен мәселе көтерген еді.

Қазіргі Ынтымақ ауылының төңірегіндегі әр атаның өзінің 10-15 түтіннен шағын ауылы болған. Мысалы: қазіргі «Қызылағаш» деген жерде Жансақал, Бисақал ауылы, Төлеген қыстауында Төлеген ауылы, оған жақын жерде Қарпық ауылы, қазіргі Ынтымақ пен Жалтыр ауылдарының аралығында Жапа ауылы, одан беріректе Төлеке ауылы, қалпақ ауылдары болыпты. Қазіргі Қақ көлінің маңында Торқа көшебе ауылы болса керек. Осы күнге дейін аталып жүрген кейбір ағаштардың аттары да сол жерде қай атаның, кімнің қыстауы болғанын білдіреді. Мысалы «Қойжан қыстауы», «Жабал қыстауы», «Ақсақал», «Тотаман», т.б. Ал қазіргі ауылдың тұрған жері «Сайағаш» деп аталған. Бұл жерде о баста Шабан ата әулеті мен Қыдырма Шортықбайлар мекендеген екен. Ертерек кездерде ауылдар малдарын асырау үшін жаз жайлауға көшіп, күз қыстауға жақындап, қысты қыстауда өткізеді екен.

Кеңес өкіметінің кезінде көшпелі ауылдарды жаппай отырықшылыққа бейімдеп, ұжымшар (колхоз), кеңшарларға (совхоз) біріктірді. Бұл әсіресе алғашқы кезде қазақ ауылдарын зор қасіретке ұшыратты. Отырықшылану кезінде тарихи қалыптасқан көшпелі ауылдар жүйесі біржола бұзылып, оның отырықшы  жаңа мекендер бойынша топтаса қоныстануы пайда болды. Енді осы жаңа мекендер ауыл атала бастады.

Дәл осылай 1928-1930 жылдары  жоғарыда талған шағын ауылдарды кеңес өкіметі жаңа бір орынға көшіріп алдымен ауылшаруашылық артелін, кейінірек ұжымшар (колхоз) құруға кірісті. Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатында (архивінде) облыс жеріндегі өзгерістер көрсетілген мәліметтер бар. Осындағы 54- қордың, 1- тізіміндегі,  302- істегі «Книга регистрации сельскохозяйственных объяденений за 1928 год» деген құжатта (документте) 1928 жылғы 4 шілдеде Төңкеріс болысындағы №4 ауылдық Советте «Ынтымақ» және «Жалтыр» ауылшаруашылық артелдері құрылғаны айтылған.

Ынтымақ ауылы жоғарыда аталған шағын ауылдардан құрылыпты. Ұсақ ауылдар бір жерге жиналып артель құрыңдар деген жарлық берілгеннен кейін амал жоқ ауылдар бір жерге көшіп бару керек. Сонда кейбіреулер Жапа қыстауына көшіп, сол жерге жиналып артель құрайық депті. Ал Қыдырманың Тастемірі (Шортықбай немересі) жоқ, ол жер қолайсыз, өте тар, маңында не көл, не томар жоқ, малға жайылым да шамалы. Жері кең, көлі, томары бар Сайағашқа жиналу керек депті. Басқалар да оны құптап, ақыры маңайдағы ауылдар көшіп келіп  Сайағашқа қоныстапты. Барлық ауылдар бір жерге жиналғасын бәріміз ынтымақтас, тату тұрайық деп жаңа жиналған ауылдың атын «Ынтымақ» қойыпты. Содан бері бұл ауыл осылай «Ынтымақ» аталады.

Шынында да ауыл адамдары бейбіт, тату өмір сүрген, ынтымақтары берік болған.

Қазіргі Шал ақын ауданының архивінде «Ынтымақ» ауылы 1930 жылы «13 жылдық» колхозы болды деген дерек бар. ( фонд 98, ед.хр. 25).

Сол 30-шы жылдардың ортасынан бастап ауыл тұрмысы түзеле бастағаны рас. Алғашқы кезде қиыншылықтар да болды. Дегенмен халықтың ұйымшыл еңбегінің арқасында «Ынтымақ» ауылында орналасқан «13 жылдық» колхозы іргелі колхоздардың біріне айнала  бастады.

Алғаш колхоз байлардан, орта шаруалардан тәркіленіп алынған мал мен мүлік (арба-сайман, үй-жай, шөп шабатын машина т.б.) негізінде құрылыпты.

«13 жылдық» колхозының алғашқы председателі (басқармасы) Есперлі ауылының тумасы Байжұман Мыңжанұлы болыпты.

Комментарии (0)