Аспан астындағы кітапхана — Сайт ГУ ОУНБ имени Сабита Муканова
Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

Аспан астындағы кітапхана

1 июля 2017 - Касенова Марал

 Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ғимаратының алдындағы алаңда жазғы оқу залы жұмыс істей бастады. Онда кітап оқу үшін оңтайлы жағдайлар жасалған.
Жазғы оқу залына келуші кез келген адам өзін қызықтыратын кітапты тауып, өзіне жайлы жағдайда (үстел басында, көгалда, креслода) отырып оқуына болады.
Ашық аспан астындағы оқу залының тағы бір ерекшелігі - бұл қызметті пайдалану үшін оқырман билеті талап етілмейді.
Жазғы оқу залының кітап қорынан классикалық әдебиеттерден бөлек үйдің ішін әрлеуге, бау-бақша күтіміне, қолданбалы қолөнерге, аспаздыққа қатысты журналдар, күнделікті басылымдармен қатар балалар әдебиеті, белгілі адамдардың өмір жолдары, тағы басқалар жайлы мол мәліметтер алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, үш тілдегі ең қызықты және танымдық кітаптар жинақталған.
Қазақ тілінде - 91, орыс тілінде -167, ағылшын тілінде 30 кітап бар. Сонымен қатар тақырыптық кітап көрмелері де ұйымдастырылатын болады.
Бұл жерде оқырмандар өздері оқыған жеке кітапханаларындағы кітаптарын әкеліп, өзгелермен ауыстыруларына да мүмкіндік бар. Жазғы оқу залына күніне шамамен қырықтан астам адам келеді екен, олардың басым белігі орта жастағы адамдар.
- Бұл акцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз - қоғам назарын кітап оқуға аудару. Оқырмандардың танымдық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, олардың демалыс уақыттарын өздеріне пайдалы және қызықты әрі мазмұнды етіп өткізулеріне қолымыздан келгенше мүмкіндік жасау, - дейді облыстық кітапхананың кітапханашысы Антон Андреев.
Оқу залы сейсенбі-жұма күндері аралығында таңғы сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Жазғы оқу залының жұмысы қыркүйекке дейін жалғасады.

Ләйла Жанысова, "Солтүстік Қазақстан". 

Жанысова.Л. Аспан астындағы кітапхана//Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 24 масуым.- 8 б.

 

 

Комментарии (0)