ЕЛДІҢ ҮЗДІК КІТАПХАНАСЫ АТАҒЫНА САЙ — Сайт ГУ ОУНБ имени Сабита Муканова
Северо-Казахстанская областная универсальная
научная библиотека им. Сабита Муканова
Регистрация

ЕЛДІҢ ҮЗДІК КІТАПХАНАСЫ АТАҒЫНА САЙ

26 января 2015 - Администратор

Біз облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың (ОӘҒК) даңқты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімімен аталатынын әр кез мақтаныш тұтамыз. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары атақты жазушы сайлаушылардың аманатына орай осы ғимаратты өз бастамасымен салдыртып, ұмытылмас сый жасағаны әлі күнге дейін жылы ілтипатпен еске алынады. Егер өткенге көз жүгіртер болсақ, кітапхананың тарихы әріден бастау алады. 1880 жылы қала басқармасы жанынан бірінші қоғамдық кітапхана ашылып, 1934 жылы облыстық мәртебе беріліпті. Содан бері талғампаз оқырмандардың сұранымын мінсіз өтеу мақсатымен қалтқысыз қызмет атқарып келеді. Бүгінде материалдық-техникалық база, кітапхана қоры, ұсынатын қызмет түрлері еліміздегі таңдаулы мәдениет мекемесі қатарынан орын алып отыр.

1996 жыл кітапхана өміріндегі үлкен өзгерістер кезеңі ретінде сипатталады. Өйткені, осы жылдан бастап ақпараттық, компьютерлік технологиялар енгізіліп, қолданыла бастады. Сөйтіп, кітапханашылар мен оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктер тудырылып, ноутбук, скайп, вэб-камера, флэш-карта, т.б. пайда болуы, кітапхананың ақпараттық ресурстары мен қызметтерінің сұйық кристалды панельдер мен электрондық таблода жарнамалануы үрдіске айналды. Жаңа түскен кітаптар мен өтетін шаралар туралы хабарламалар беру мақсатымен SМS-тарату жүйесін енгізуге кең жол ашатын жергілікті ұялы байланыс операторларымен ынтымақтастық орнатылды. Бүгінгі күні бұл қызмет түрін оқырмандар кеңінен пайдаланады. Электрондық ақпарат, электрондық ресурстар, электрондық кітапханалар құру бағытында да жаңғыртулар жүргізілді. Қазір кітапханада электронды ресурстардың озық түрлерін кездестіруге болады. Екі Интернет орталығында интернет ресурстары, Wі-FI желісі, электронды каталог, құжаттарды электронды жеткізу, электронды кітапхана, виртуалды анықтама қызметі, құқықтық ақпарат орталығы жұмыс істейді.
Компьютер үйренушілерге тегін курстар жүргізіледі. Былтыр оны 1500 адам бітіріп шықты. Енді интернет-технологиялардың болашақтағы зор даму мүмкіндіктерін ескере отырып, сандық ақпараттық ресурстар бағдарламаларын енгізу қолға алынды. "Электронды кітапхана" (ЭК) бөлімі ашылды. Бұл қашықтағы және жергілікті электронды ресурстарға қатынау жүйесі дегенді білдіреді. ЭК-ның негізгі міндеттері ақпараттық ресурстарды шоғырландыру десек, ОӘҒК еуразиялық қарым-қатынас орталығы ретінде де кең қанат жайды. "XXI ғасырдағы еуразиялану. Шығыс-Батыс: кітапханалардың электронды ынтымақтастығы" атты халықаралық семинардың өтуі осы сөзіміздің бір айғағы болса керек. 2005 жылы Петропавл қаласы Қазақстанның Кітапханалар астанасы болып таңдалғаны мәлім. Осы кезде біздің бастамашылдығымызбен "Электрондық кітапхана - мәдени мұраның сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудегі һigһ-tесһ» тақырыбында халықаралық семинар ұйымдастырылып, зор кәсіби маңызға ие болды. Онда электронды кітапханалардың қоғамдағы рөлі, шекаралас кітапханалардың электронды көкжиегін кеңейту мәселелері іскерлікпен талқыланды. "Шекаралардағы кездесулер" жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы Қазақстан-Ресей электронды кітапханасы құрылды.

Ондағы мақсат ТМД елдері халықтарының мәдени мұрасын сақтау және көбейтуге белсене атсалысу болып табылады. Осыған орай дискілерде электронды басылымдар депозитарийі және мұрағаттық мультимедиа көшірмелерін жасау қолға алынып, Омбы, Томск Қорған, Кемерово облыстық кітапханалары жіберген бірегей басылымдар және республикамызға, өңірімізге қатысты материалдар жинақталды. Ресей Мемлекеттік (Мәскеу) Ресей Ұлттық, В.Маяковский атындағы орталық (Санкт-Петербург қ.) және А.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханалары жіберген цифрланған материалдар негізінде тарихи-әдеби танымға бай қор жасақталды, "Кітаби ескерткіштер" атты мультимедиалық ресурстар жүйеленді. "Қазақстан-Ресей шекараларындағы кездесулер" іскерлік қадамына 10 жыл толуына байланысты біз ұсынған жоба ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің шешімімен "Мәдениет пен өнерді дамытудағы еңбегі үшін" белгісімен атап өтілді.

Ұлттық академиялық кітапхананың ұйытқы болуымен 2007 жылдан бері республикалық "Бір ел - бір кітап" акциясына жүйелі түрде қатысып келеміз. 2009 жылы жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың лирикасы таңдалып, "Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған.." атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Осы оқиға қарсаңында Мағжанға арналған веб-портал құрылып, 500-ден артық толық мәтінді мақалалар топтастырылды. Жыл өткен сайын кітапхананың виртуалды оқырмандарының саны да артып келеді. Өйткені, сайтымыз мағлұматтарға бай. Он-лайн режімінде электронды оқырман билетін рәсімдеп, онлайн-тапсырыс беруге, виртуалды көрмелермен танысуға, кітапханаға виртуалды саяхат жасауға, кәсіби блогтармен танысуға әр кез жол ашық. Сонымен қатар әлемдік қоғамдастықта электронды кітапхананың мәліметтер қорларын, "Солтүстіктің інжу-маржаны" әдеби картасының толық мәтінді өлкетану материалдарын да еркін пайдалануға болады.

Уақыт талабына сай кітапхана құрылымын үнемі жетілдіріп отырамыз. Мәселен, ақпараттық-сервистік бөлімде құқықтық, әлеуметтік, экономикалық және басқа да ақпараттар жинақталса, медиазалға бейнефильмдер, музыкалық дискілер, дыбысты кітаптар қойылды. Оқу орталығы мәдени-ағарту шараларын ұйымдастырумен, жаңа басылымдардың тұсаукесерлерін, шығармашылық кездесулер, әдеби және музыкалық кештер өткізумен айналысады. Түрлі санаттағы адамдардың басын қосатын клубтар жұмыс істейді. Былтыр 150-дей мәдени-ағарту, білімдік және ақпараттық сипаттағы іс-шараларға 25 мыңнан астам оқырман тартылды. Лондон кітапханаларының тәжірибесін пайдалана отырып, "Жанды кітап" шарасын өткізуіміз оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. "Кітап сыйлау күнін" өткізу дәстүрге енген. "Кітапхана түні", "Кітапхана кеші" шаралары петропавлдықтардың бос уақытын өткізетін сүйікті орны саналады. Оларға музыкалық және театрлық ұйымдар, жастар, түрлі клуб өкілдері қатыстырылып, мультимедиа-экскурсиялар, скайп-сұхбаттар, бейнекөпірлер, вэбинарлар ұйымдастырылады. Ал жадыраған жаз айларында қала тұрғындары үшін далада "Жазғы оқу залы" жұмыс істейді. Кез келген адам ағаштардың саясында жаңа көркем әдебиеттермен танысып, газет-журналдың жаңа нөмірлерін оқи алады. Осы жерде балаларға арналған бұрыш, үстел ойындары, тегін WI-FI, электронды кітапханадан цифрланған басылымдарды смартфондарға жүктеуге мүмкіндік беретін "мобильді кітапхана" да орналасқан.

Бүгінгі күні кітапхана көп қырлы мекеме болып табылады. Компьютерлік сауаттылық негіздерін үйрететін оқыту орталығы, аз қамтылған адамдар үшін виртуалды ақпараттық әлеуметтік қызмет жүйесі, қазақ, ағылшын тілдерін үйрену курстары жұмыс істейді. Құлағының мүкісі бар мүгедектер үшін "Тең мүмкіндіктер жолында" әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып, "Аміgо" сымсыз "ҒМ" жүйесінің 5 аппараты алынды. Халықаралық байланыстар шеңбері кеңейіп, америкалық және неміс ақпараттық бұрыштар ашылды. Шетелдік жазушылармен скайп-сұхбаттар, чат-конференциялар өткізіледі. Елшілер, бас консулдар, Франция, Польша, АҚШ, Түркия елдерінің мәдениет қайраткерлері құрметті қонақтарымыз болды.

Кітапханааралық ынтымақтастықты дамыту мақсатымен халықаралық ақпараттық турларға жиі қатысып жүрміз. Тәжірибе алмасу барысында АҚШ-қа жолымыз түсіп, АҚШ Конгресі кітапханасына қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын тарту еттік. Фран-ция, Сингапур, Швеция, Англияда ұйымдастырылған семинарларға қатысып, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Иван Шухов сияқты атақты жерлестеріміздің кітаптары сыйға тартылды. Бұл сапарлар кітапханалар қоғамдастығы арасында танымал болуымызға және көптөген халықаралық, республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегері болуымызға септігін тигізді.

Өңіріміздің кітапхана саласын одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарған жұмыстарымыз орынды бағаланып жүр. Мысалы, республикалық "Құбылмалы қоғамдағы кітапханалық инновациялар" конференциясында "Тең мүмкіндіктер жолында" жобасы үшін Қазақстандағы АҚШ елшілігінің гранттық қолдауына ие болдық. Ұлттық академиялық кітапхана жариялаған танымал ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы бойынша "Үздік тақырыптық блог" аталымында 3-орынды иелендік. "Ұлытау - ұлы мекенім" халықаралық форумында жас кітапханашылар жобалары тұсаукесерінің қорытындысы бойынша "Қала тарихының QR-коды" жобасы кітапханалар инновациялары саласында үздік деп танылып, жүлделі 2-орынды иеленді. Ал өткен жылдың соңында Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған "Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы" республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алуымыз жаңа жетістіктерге шабыттандырды.

С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана өңірдегі 311 кітапхананың әдістемелік орталығы саналады. Кітапханашылардың жұмыла еңбек етуі арқасында әлеуметтік маңызы бар 16 жоба мен бағдарламаны жүзеге асыру жолдары жіті қарастырылған. "Облыстың кітапхана саласын жаңғырту бағдарламасы" бойынша кітапханаларды компьютерлендіру жалғастырылып, модельді ауылдық кітапханалар ашылуда. Семинарлар, бейне-конференциялар, кәсіби шеберлік байқаулары, шығармашылық идеялар фестивальдары, үздік ауылдық кітапхана байқаулары жиі өткізіледі. Қажырлы еңбегімен кітапхананың беделін арттырып, ұжым мақтанышына айналған мамандар мен қызметкерлердің іс-тәжірибелері жастарға үлгі етіледі. Бүгінде кітапхана қызметін пайдаланушылардың саны 30 мыңнан асты.

Кітапхана - ақыл-ой мен мәдениеттің мекені болса, кітап - рухани ұстаз. Онсыз мәдени, ұлттық құндылықтарымызды толық меңгеру мүмкін емес. Біздің алда тұрған басты міндетіміз - ақпараттық ресурстардың кең көлемде қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА, С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры.

Комментарии (0)